Жаңалықтар ФУРО

5 ауыл мектебінің мұғалімдері EdCrunch academy-де оқудан өтті

Қазақстандағы 5 ауыл мектебінің ұстаздары EdCrunch academy-де оқу курсынан өтті. Аталған мектептер — Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен “Назарбаев Зияткерлік Мектептері” ААҚ бірлесіп жүзеге асырып жатқан “Powered by NIS ауыл мектебі” жобасының қатысушылары.

5 мектептен 89 педагог, атап айтсақ, бастауыш сынып, математика, биология, география, информатика, физика, химия пәндері мұғалімдері пәндік және әдістемелік біліктілікті арттыруға бағытталған оқуды тәмамдады. Оқу барысында ұстаздар пәндер бойынша теориялық, практикалық негіз бен қиын тақырыптарды түсіндіру әдістемелері, жалпы ортақ құзырет бойынша білімін шыңдады.
Курс қашықтан оқу форматымен EdCrunch academy платформасында ұйымдастырылды. Жалпы 36 академиялық сағатты қамтыған оқу “Білім сапасын арттыру контекстінде пәндік құзіретті жетілдіру” мен “Педагогтің жалпы машығын дамыту” деп аталатын екі модульден тұрды.
EdCrunch academy - педагогтердің біліктілігін үздіксіз арттыру, икемді машық пен жаңа оқыту технологияларын үйрету бойынша онлайн оқыту платформасы.