Жаңалықтар ФУРО

Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Осакаров ауылында тірек мектептің таныстырылымын өткізді

11 қыркүйек Қарағанды ​​облысы Осакаров ауылында «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының қатысушысы атанған Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектептің таныстырылымы өтті. «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен жобасы 2023 жылы еліміздің барлық өңірінде 63 мектепті қамтымақ.
1932 жылы іргетасы қаланған Осакаров ауылындағы бұл тірек мектеп 2015 жылы үш қабатты жаңа ғимаратқа көшті. Жалпы сыйымдылығы 600 адамға арналған мектепте қазір 769 оқушы білім алып, 86 мұғалім жұмыс істейді.
Жоба аясында мектепке жаңа жиһаз бен техникалар алынды. Атап айтқанда, робототехника, психолог, дефектолог, мектепке дейінгі дайындық, шахмат кабинеттері, тігін мен тамақтану мәдениеті шеберханасы, телестудия, STEM зертханасы, АRT-студиясы, FabLab, кітапхана, спорт жабдықтарымен бірге барлығы 36 бөлме жаңартылды. «Қазақстан халқына» қоры мектепті жабдықтауға 250 млн-ға жуық қаражат бөлді.
«Ауылдағы білім беруді қолдау туралы айтылғанда ең алдымен тірек мектептерді көтеруді ойлау керек. «Білім туралы» Заңда «тірек мектептер» деген ұғым бар болса да, іс жүзінде ол мектептерді құру, дамытумен ешкім айналысқан жоқ. Былтыр Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, 17 өңірде 17 ауылдық тірек мектеп құрдық. НЗМ стандарты бойынша материалдық-техникалық базаны толығымен жаңарттық. Сондай-ақ мектепке талдау жүргізіп, мұғалімдер мен оқу орны әкімшілігінің біліктілігін арттырдық.

Серіктестеріміз үш жыл бойы әдістемелік қолдау көрсетеді. Осылайша оқу үдерісіне деген көзқарасты өзгертіп, жаңа білім беру технологияларын енгіздік. Қазір біз 17 облыста тағы 63 тірек мектепті жаңарту жұмыстарын жалғастырудамыз», – деді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептері арнайы оқыту бағдарламаларын тегін жүргізбек. Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының барлық шығындарын AITAS холдингі өтейді.

Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында педагогикалық ұжым мен мектеп басшылығының біліктілігін арттыру бағдарламасы іске қосылды. Мұғалімдер 5–6 ай бойы оқытудың заманауи әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді.
Шара кезінде Қарағанды ​​облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев жиналған көпшілікке құттықтау сөзін арнап, Алаш қайраткері Ә.Бөкейхан атындағы мектептің тек үздіктердің қатарында болатынына сенім білдірді.
«Бүгін бұл мектептің де, жалпы ауданның да жаңа тарауы басталды. Білім – табысты болашақ кепілі. Сондықтан да біздің тірек мектебіміз бүкіл өңірге сапалы білім берудің үлгісі болады деп сенеміз. Қолдауларыңыз бен серіктестік үшін алғысымды айтамын», – деді облыс әкімі.
Осакаровтағы мектеп – биыл таныстырылымы өткен 63 мектептің үшіншісі. Осындай қуанышты жаңалықты бөлісуге келген қонақтарға алғысын білдірген Aitas Foundationдиректоры Ксения Верба «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының маңызына тоқталып өтті.
«Жоба білім сапасын арттыруға, озық педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. О баста «Powered by NIS» жобасы Шығыс Қазақстан мен Ақмола облысындағы бірнеше тірек мектепті дамытудан басталып еді. Ал бүгінде оған екі жылда ел бойынша 80 ауыл мектебі қосылды. Енді мыңдаған оқушы мен мұғалімдер жаңа мектеп жабдықтарымен, ортақ әдістемемен қамтылады. Ауыл немесе қала тұрғыны болсын, әрбір бала тұлғалық және кәсіби даму жолында сапалы білім алуға лайық. Солайша ол болашақта еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қосады», – деді Ксения Верба мектеп ұжымына сәттілік тілеп. Қор директорының айтуынша, жоба серіктестері еліміздегі тірек мектептер желісін құру стратегиясын әлі жалғастырмақ ниетте.
Еске салсақ, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесіп жүзеге асып отыр.
Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры (FURO) – Aitas Foundation құрамына кіретін коммерциялық емес ұйым. Қор қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту бағдарламасына ерекше назар аударады. Идеяның авторы әрі қордың негізін салушы – Серік Толықпаев. Директоры – Данияр Тоқтарбаев.

Aitas Foundation – AITAS холдингінің корпоративтік қоры. Aitas Foundation жобаларына Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Аймақтық зерттеулер орталығы кіреді. Aitas Foundation елді жан жақты дамыту арқылы Қазақстан халқына қызмет етуді өзіне басты миссия санайды. Құрылтайшысы – Серік Толықпаев. Директоры – Ксения Верба.

AITAS – агроөнеркәсіп секторындағы ең ірі инновациялық холдинг. Оның құрамына Өскемендегі «Кус&Вкус» бренді мен Макинскідегі құс фабрикасы сияқты жартылай фабрикаттар мен шұжық өнімдерін өндіру мен өңдеу бағытында жұмыс істейтін 15 кәсіпорын кіреді. Сонымен қатар аумағы 20 мың гектардан асатын өсімдік шаруашылығы да бар. Бүгінде AITAS-тың Астана, Алматы және Өскемендегі кеңселерінде 5 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.

Айта кетсек, холдингті Серік Толықпаев 1996 жылы Өскемен қаласында құрған. Компания қарқынды жұмыс істеген жылдар ішінде құс етін өндіру, өңдеу және тарату саласындағы жетекші рөлге ие болып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторындағы көшбасшылардың біріне айналды.