Жаңалықтар ФУРО

Ақтөбеде шағын жинақты мектептердің мұғалімдеріне арналған семинар өтіп жатыр

Биыл Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, «Қазақстан халқына» қоры мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп аймақта алғаш рет «Цифрлы технологияларды қолдану арқылы Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерін дамыту» жобасын жүзеге асырып жатыр.

Семинарға облыстағы жобаға қатысып жатқан 134 шағын комплектілі мектептің 700-ден астам мұғалімі қатысып жатыр. Ұстаздар екі күн бойы қиын математикалық есептерді шешу машығын, физика, химия, биологиядан практикалық және зертханалық жұмыстар жүргізу, пән бойынша сөйлеу машығын дамыту бойынша тренингтерден өтеді. Оқуды Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары жүргізеді.
«Ауылдарда мұғалім тапшылығы бар. Бұл мәселені цифрлы технологиялардың көмегімен де, сонымен қатар онлайн және офлайн курстар арқылы мұғалімдердің біліктілігін арттырып отырып шешуге болады деген ойдамыз. Бүгін мұғалімдерге әдіскерлер мен Daryn online, Online Mektep Amansultan, Roqed Science, Kundelik.kz платформаларын жасаушылар пән бойынша сабақ ұйымдастыру мақсатында білім беру платформаларындағы контентті қолдану бойынша дәріс оқиды», - дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының бөлім меңгерушісі Рустам Әбілов.
Одан бөлек семинар-кеңесте ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты мекемелердің сарапшылары да дәріс оқиды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, биыл Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры Ақтөбе облысы әкімдігі және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Цифрлы технологияларды қолдану арқылы Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерін дамыту» жобасын жүзеге асырып жатыр. Оған 134 шағын комплектілі ауыл мектебі қатысып жатыр. Жоба аясында мектептер қазақстандық жетекші білім беру платформаларының цифрлы бағдарламаларын тегін қолдану мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар жобаға қатысушы мектептерде «Қазақстан халқына» қорының қаражатына ғылым кабинеттері жасақталады. Ақтөбе облысының әкімдігі өз кезегінде мектептердегі интернет жылдамдығын арттыруға күш салады.