Жаңалықтар ФУРО

Ақтөбеде шағын жинақты мектеп оқушыларына жүргізілген мониторинг аяқталды

Білім мониторингі «Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында жүзеге асырылды. Оның мақсаты – оқу үдерісін бақылау және оқушылардың пән материалын меңгеру мүмкіндіктерін саралап, олар білім алу кезінде тап болатын кедергілердің себебін анықтау.

Облыс бойынша жүргізілген мониторингке 134 шағын жинақты мектептен жалпы 2800 оқушы қатысты. Тестілеуден өткен 6, 8 және 10 сынып оқушыларына әр пәннен 20 сұрақтан келді. Тапсырмаларды орындауға берілген уақыт – 40 минут.

Мониторинг математика, ағылшын тілі, жаратылыстану (6-сынып) және математика, ағылшын тілі, физика, химия, биология (8 және 10-сыныптар) бойынша білім деңгейін бағалауға негізделген. Бұл оқушылардың мектеп пәндері мен әртүрлі білім саласына деген дайындық деңгейін анықтауға көмектеседі.

Мониторинг нәтижелері 2024 жылдың қаңтарында белгілі болады. Бұл мәліметтер құпиялығы сақталып, үшінші тұлғаларға жария етілмейтіндіктен, әр қатысушы мектептің жетекшілері мен әдіскерлеріне ғана жолданады. Бақылау қорытындысы жобаның тиімділігін бағалап, оқу үдерісіне тиісті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, биыл Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, «Қазақстан халқына» қоры және Оқу-ағарту министрлігі Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Цифрлық технологиялар арқылы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын жүзеге асырған еді. Оған қатысатын 134 шағын жинақты мектеп қазақстандық жетекші білім беру платформаларындағы цифрлық бағдарламаларға тегін қол жеткізе алады.

Сондай-ақ жобаға қатысушы мектептердің жаратылыстану кабинеттерін жабдықтауға «Қазақстан халқына» қоры қаражат бөлсе, оқу орындарындағы интернет сапасын арттыруды Ақтөбе облысының әкімдігі өз мойнына алып отыр.